ҚҰЛЫШЕВА Мәруа Жарылғапқызы
Республикада отбасылық балалар үйін алғаш ұйымдастырушы, Қазақстан Республикасы білім беру үздігі. 1945 жылы туған. 1968 жылы Қарағанды пединститутын бітірген. 1982-1989 жылдары Қаражал қаласы және №7 Жезқазған кентінің орта мектептерінде директор, 1989 жылдан өмірінің ақырына дейін Жезқазған облыстық балалар үйінің директоры болды. «Құрмет» орденінің иегері. Ы.Алтынсарин атындағы медальмен марапатталған. 1996 жылы өмірден озды. Есімі Жезқазған «Балалық шақ» балалар үйіне берілген.
Әріптестері арасында.
Қабірінің басында.
Жоғалмайтын жұлдыздар
БАЛАЛАРЫН БАҚЫТҚА БӨЛЕДІ
Ол кісінің арамыздан кеткеніне әлденеше жыл өтсе де, мейірімді жүзі - көз алдымызда, өнегелі жолы - жадымызда. Сөз - Мәруа Жарылғапқызы Құлышева туралы.
Ешкім де тағдырынан аттап кете алмайды. Соғыс, ашаршылық заман болмаса да, бейбіт өмірде де көптеген балаларға "жетімдік" қамытын киюге тура келеді. Қазір мүмкін қатары азайған шығар, кеңес заманында ойнап жүріп от басқан қыздардың көбісінің перзенттерінің өміржолдары перзентханадан соң жетімдер үйінде жалғасатын. Оларға деген жылы, мейірімді көзқарас бола қоймайтын. Қаталдық басым еді. "Оларды аяуға, мүсіркеуге болмайды" дейтін ұғым қалыптасып қалғаны соншалық, тәрбиеленушілердің балалар екендігі ескеріле бермейтін. Содан болар, ресми түрде "Балалар үйі" деп аталатын мекеменің сырты қандай сұп-сұр көрініп тұратын болса, ішінен де сондай суық леп ұрып тұратын. Мұндағы балалар реті келсе, қашып кетуге ұмтылатын. Бірақ, қайда қашып құтылғандай? Бір -екі күннен соң "ұсталып" қайта келетін де, бұрынғыдан бетер қаталдыққа тап болатын. Міне, осындай қатаң да қаталдықпен қаланып қалған қасаңдықтың көбесін сөгіп, басқа жақтағыларын қайдам, біздің Жезқазған - Ұлытау өңіріндегі Балалар үйіне мейірім мен шуақ нұрын алғаш әкелген Мәруа Жарылғапқызы болды.
1989 жыл болатын. Жезқазған - Рудник кентінде орналасқан "Балалар Үйіне" жұмысқа орналастым. Басшымыздың есімі - Мәруа Жарылғапқызы Құлышева екен. Бір қызығы, ол кісінің мұнда директор болып келгеніне бір - ақ апта болыпты. Демек, біздің Балалар үйіндегі жұмысымыз бірге басталды десем, еш артығы жоқ.
Мәруа тәте ә дегеннен-ақ өзінің балаларға деген алабөтен мейірімін байқатты. Ол балалардың бақыты үшін бойындағы бар мейірін, жылуын аянып қалмайтынын аңғартты. "Балалар үйіндегі" қалыптасқан тірлік оңына өзгере бастады. Ең алдымен, балалардың жатын жайларын ретке келтірді. Үлкен-үлкен бөлмелерде 10-12 бала бірге жататын. Мұның дұрыс еместігін айтып, ғимаратты 4 отбасы тұратын үйге айналдырды. Әр отбасында 15 баладан болды. Не керектің бәрі бар. Бұрын тамақ ішуді білгенмен, ас әзірлеуден мүлдем хабары болмаған балалар біртіндеп әртүрлі тағам түрлерін жасауға бір - бірімен жарысатын жағдай қалыптасты. Бір ғажабы, Мәруа Жарылғапқызы балаларды бетінен қақпайтын, олар емін-еркін жүріп -тұруға дағдыланды. Егер бұрын тәрбиешілерді, т.б. көрсе тыжырынып, бір нәрсе айтсаң қырсығып, қиқаңдап тұратын балалар енді өздері бірнәрселер істеуге талпынып, саған көмектесуге ұмтылып тұратын болды. Апайдың кең көңілі балалардың тас жүректерін жібітіп жіберді. Олар бұрын далаға қашатын болса, енді Балалар үйінің ауласынан шықпайтын болды. Ғажап емес пе? Мұны бала тәрбиесіндегі революция десе де болғандай. М. Жарылғапқызы қалалық, облыстық білім басқармаларына қайта-қайта өтініш жасай жүріп, №7 -мектептен тек Балалар үйінің балалары оқитын мектеп-интернат ұйымдастырды.
Мекеме басшысы ретінде қызметкерлерге қоятын талаптарының ең бастылары : - Балаларымыздың жағалары жыртылмасын, аяқ - қолы кір болмасын, көңілдеріне тиетін сөз айтып қоюдан аулақ болыңдар - дегенге саятын. Ол кісінің балаларға деген махаббаты айрықша болатын. Бәріміз де анамыз, балаларымызды жақсы көреміз. Дегенмен, мен кейде біздің жүрегіміз Мәруа тәтенің аналық жүрегінің ширегіне де жетпейтін шығар деп те ойлаймын. Неге? Балалармен бірге табиғат аясына серуенге шыққанда ол кісі қазанның басында отырып алып, әр баланың тостағанына тамақты өзі салып беріп отыратын. Мұны көрген соң, оны кім жақсы көрмесін?! Бала біткен үйірсектеп, жанынан шықпайтын. Жаз айларында бұрын "детдомның" балалары қаланың көшелерінде кір-қожалақ болып, дүкендердің алдарында алақан жайып жүруді әдетке айналдырған болса, Мәруа апай оларды лагерьлерге жіберетін болды. "Лагерьге кетті" деп өзі тыныш отырса жақсы ғой... "Кім қалай жүр?" дейтін болса керек, ойда жоқ та лагерьга сап ете қалады да, тексереді. Жатқан жерлерін көріп, "қой, мына жер кешкілік, түнде салқын болатын түрі бар" деп "Балалар үйінен" аяқтарының астына төсейтін кілемшелер алдыратын. Міне, мұндай қамқорлық қандай жүректі де жұмсартып жібермей ме? Өкінішке орай, тәрбиеленушілердің қатарында өзіміздің қаракөздер көпшілік болатын. Ең қиыны, олардың тілі басқаша шыққан, басқа тілде дамыған. Осы олқылықты жою керектігіне де назар аударған Мәруа Жарылғапқызы "қазақтілді ортада тілді үйрену әлдеқайда оңай" деп қазақша біле қоймайтын қазақ балаларын Жаңарқа ауданындағы лагерьлерге жіберетін.
Лагерьді айтасыз... Балалар үйлеріндегілер түгілі кәдімгі отбасындағылардың ойына кіріп - шықпайтын "КСРО-ның көрікті жерлеріне, ірі қалаларына туристік саяхат" дегенді де ойлап тапқан Мәруа апай болды. Тәшкеннен бастап Ленинград, Мәскеу қалаларында болып, саяхаттап оралған балалардың көңіл -күйлерін көрсеңіз ғой. Өздерінің туған әке - шешелерінен артық болмаса кем түспеген Мәруа сынды Ананың осындай шапағатына шомылып өскен балалардың жүздерінен күлкі, шаттық арылмайтын. Олар өздеріне осындай басшының келгенін Тәңірдің тамаша тартуына балайтын.
Оншақты баласы бар кейбір кісілер олардың аты-жөндерін шатастырып жатады. Ал, Мәруа тәте ше? Ол барлық баланың аты -жөндерін ғана емес, туған күндеріне шейін жатқа білетін. Таң қалатын жағдай ғой. Жаз кезінде лагерьде жүргенде соңдарынан арнайы туған күнімен құттықтап келіп кететін. Әрине, тарту - таралғысын көтеріп дегендей. Балалар мәз - мәйрам болып қалатын. Ал, өзімізде әр баланың туған күні тамаша тойға айналатын.
"Болмайды, өзгерту керек" деген ол кісінің сөзін алғашында түсінбей қалдық. "Балалар үйі" деген атының өзі көңілге кірбің түсіреді. Халық та жақтыра қоймайды. Сондықтан, Балалар Үйі дегенді "Балалық шақ" Үйі" десек, қалай қарайсыңдар? " деген ұсынысқа бірден қолдау таныттық.Әсіресе, балалар кереметтей қуанды. "Шынында, мұнда біздің балалық шағымыз өтіп жатыр емес пе?" деген олар "Сіз - Ана, біз - Бала. Өмір сүріп жатқан жеріміз - "Балалық шақ". Қандай тамаша!" деп қуанғандарынан залды жаңғыртып, айқайлап жіберген еді. Әдетте байқамайды екенбіз, бір сөздің өзінде көп мағына жатады екен ғой. "Балалар Үйі" - деген құлаққа түрпідей тиетін болса, "Балалық шақ" деген жүрекке сондай жағымды атау болды.
Сөз басында айтқанымдай, Балалар үйіндегі тәлім -тәрбие негізінен орыс тілінде жүргізілетін. Мұндағы балалар арасында қай ұлттың өкілдері басым екендігіне ешкім де назар аудармайтын. Кеңес заманы салған "сара жол" - бәрі орыс тілінде болуы заңдылық секілденетін. Тіл орысша болғандықтан ұлттық тәрбие, салт - дәстүр туралы ойлап та керегі жоқ еді. Мәруа апай сол қасаңдықтың да қабырғасын қақыратты. Ол "Балалық шаққа" қазақтың тілін, ділін алып келді. Жаңылмасам, Жанна болу керек есімі, сол тұрмысқа шығарда, апай қызымызды қолдан ұзататынымызды айтты. Үйімізде тойға қалай дайындалсақ, мұнда да дәл солай дайындалдық. Бір ғана өзгешелік, той қамымен "Балалық шақтың" бар баласы түгелдей жүгіріп жүрді. Бұл оларға өте қызық еді. Өйткені, бұрын - соңды мұндай той болмаған ғой. Қызымызға сырғасын тақтырып,күйеу күтіп алып, жасауын беріп дегендей ұлттық салт - дәстүрмен ұзатуымыз ауыздан ауызға аңыздай тарап жатты. Ол кісінің тікелей араласуымен тәрбиеленушілер пәтер кілттеріне ие бола бастады.
Айта берсе сөз таусылмайды. Мәруа Жарылғапқызы дүниеден өткенде Анадан айрылған балалардың еңкілдеп тұрып жылағанын көргенде, онсыз да қанжылап тұрған жүрегіміз жарылуға шақ қалып еді. Бәрімізге де ауыр тиді. Әсіресе, балаларға. Өйткені, ол кісі олардың өмірге деген үміттерін оятып, сенімдерін нығайтып еді.
Ол балаларын бақытқа бөлеген болатын. Міне, одан бері де біршама уақыт өтті. Біз әрқашан Мәруа апайды еске алып отырамыз. Ол кісінің тәрбиесін көрген балалар да әлі күнге шейін бір - бірімен араласып -құраласып тұратынын да білемін. Бұл олардың Ұзтаз, Ана рухы алдындағы перзенттік парыздарына адалдықтары тәрізді. "Жақсының аты да өлмейді, ізі де жоғалмайды". Мәруа Жарылғапқызының есімі өзі жақсылық нәрін сепкен жандармен бірге жасай беретін болады.
Айсұлу ТУКЕЕВА,
бұрынғы "Балалық шақ" үйінің тәрбиешісі.
("Вечерний Сатпаев" газеті, 02.10.2020)