shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

МОЛДАҒАЛИЕВ Әзірбек

МОЛДАҒАЛИЕВ Әзірбек

Еңбек ардагері, шахматтан 10 дүркін облыс чемпионы

1938 жылы 25 желтоқсанда Жезді өзенінің бойында «Өрнек» колхозында туған. Әкесі Молдағали 1942 жылы майданға аттанып, қайта оралмаған.  Оқу жасына жеткенге дейін әкесінің ағасы, атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері  Балаби Баймағамбетовтің  тәрбиесінде болды.   Ауылда бастауыш мектепте оқып, содан      кейін Қарсақбайдағы мектеп- интернатта оқуын жалғастырып, 1954 жылы Жезқазған -Рудник поселкесіндегі № 7 орта мектебін бітірді. Еңбек жолын 1956 жылы Оңтүстік Жезқаазған кенішіндегі  № 44, № 65 шахталарда бастады. Жұмыс істей жүріп  Жезқазған - Рудник поселкесінде орналасқан  Кен техникумын тәмәмдаған.  1978 жылы "Жезқазған ғылыми- зерттеу" институтына жұмысқа ауысып, жерасты кен инженері болып орналасты. Бұл қызметті 1997 жылға шейін атқарып, еңбек демалысына шықты. Адал еңбегі лайықты бағаланып, 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты  Мәскеу, Ленинград, Қазан, Ульяновск қалаларына тегін турнистік жолдама беріліп,  болып келдім. Бірнеше медальдармен марапатталдым «В.И.Лениннің туғанына -100 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 

Ә.Молдағалиев 20 жасынан бері шахматты жанына серік етіп келеді.  «Шахмат ойыны - әрі спорт, әрі өнер, әрі күрес екен, мені қатты қызықтырды» дейді ол. 1965 жылдан бастап қалалық,  облыстық, республикалық жарыстарға қатынаса бастады.

1965 жылы бұрынғы Целиноград қаласында шахматтан Қазақстан кәсіподақтарының жазғы ІV - спартакиадасы өтті. Сол жарыста ол екінші орынды иеленді.

1969 жылы Семей қаласында шахматтан Қазақстанның жартылай финалындағы жарыста мастерлікке кандидат нормасын орындады.

1971 жылдан бастап Қарағанды, Жезқазған облыстары бойынша шахматтан он дүркін чемпион атанды.

1981 жылы Алматы қаласында Бүкілодақтық шахмат фестивалі өтті. Бүл жарысқа Россия, Украинадан, Орта Азиядан, Қазақстаннан барлығы 160 ойыншы қатысты. Осы жарыста бірінші орын алып, чемпион атанды.

1987 жылы мектеп оқушылары арасында шахматтан Республикалық «Ақ ладья» ақтық ойынында бас төреші қызметін атқарды.

1998 жылы Шымкент қаласында Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған халықаралық шахмат турнирі болып, оған  бүкіл дүние жүзінен ең таңдаулы Найджел Шорт бастаған 150 халықаралық гроссмейстр  мен шебер, барлығы 300-дей ойыншы              қатысты. Осы жарысқа                  Қазақстан шахмат федерациясының шешімімен Қарағанды облысының атынан  Ә.Молдағалиев та қатысты.

2014 жылы жасы 65-тен асқан қарттар арасында өткен республикалық жарыста жеңімпаз атанып, Азия чемпионатына жолдама алды.

Әзірбек Молдағалиевті жерлестері "шахмат шебері" деп орынды түрде мақтан тұтады. Ол өзінің бай тәжірибесін жас ұрпаққа үйретуден әсте де жалыққан емес. Әлі күнге шейін жасөспірімдерді шахмат өнеріне баулып келеді.

Ә.Молдағалиевқа 2020 жылы "Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы" атағы берілді.