БӨПЕЖАНОВ Мұхит Құлжанұлы
1910 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келді. 1930 жылы мектеп бітірген соң Мәскеудің алтын және түсті металдар институтына оқуға түсіп, оны 1936 жылы бітіріп шығады. Кен инженері мамандығын алып шыққан ол осы жылы жолдамамен Жезқазғанға келді. Еңбек жолын шахтада ауысым бастығы болып бастап, шахта бастығы, кенбасқармасы бас инженерінің орынбасары, кенбасқармасының бас инженері болып тағайындалды, ал 1958 жылдан бастап кенбасқармасының директоры болып еңбек етті. Мұхит Құлжанұлы Жезқазған кенішіндегі шахталардың қуатын ұлғайту жөніндегі жұмысқа басшылық жасап, кен өндірісіндегі өздігінен жүретін техникалардың жоғары өнімділігін арттыру мен өндіріске озық тәжірибелер енгізу ісіне ұйытқы болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумның қаулысымен 1961 жылы М.Қ.Бөпежановқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1965 жылы Қазақ КСР түсті металлургия министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол -Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы. 1999 жылы қайтыс болды, Алматыда жерленген.