shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

"БАҚЫТ ҚҰСЫН ИЫҒЫМА ҚОНДЫРЫП..."

"БАҚЫТ ҚҰСЫН ИЫҒЫМА ҚОНДЫРЫП..."

Сәтбаев қалалық Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада «Жоғалмайтын жұлдыздар» жобасы аясындағы ақын Тоқтар Ерсейітовті еске алуға арналған «БАҚЫТ ҚҰСЫН ИЫҒЫМА ҚОНДЫРЫП...» атты әдеби кеш болып өтті. Кешті «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов ашып, жүргізіп отырды. Ол осыдан он жыл бұрын өмірден озған ақын Тоқтар Ерсейітов туралы шағын баяндама жасады. Т.Ерсейітов кезінде Кеншілер қаласының  мәдени -көпшілік шараларына белсене араласатын кісі еді. Оның  өлеңдері жергілікті «Шарайна», «Сарыарқа», «Мысты өңір» газеттерінде жарияланып жататын. Сол дүниелері 2000 жылы "Ұлытаудың ұлымын" деген кітапқа айналған болатын. Өмірден өткен соң да  соңында қалған мұрасы «Байғазы», «Сәтбаев — достықтың қаласы»  топтамаларына енгізілді. Кешке қатысушыларды құттықтаған қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Аманкелді Құрақбай аталмыш жобаның қажеттілігіне тоқталды.- Кезінде елге еңбегі сіңген, бірақ, әлдебір себептерге байланысты есімдері көмескілене бастаған тұлғаларды халықтың жадында қайта жаңғырту, жас ұрпаққа таныстыру — өте игілікті шара. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын таба берсін  -деді ол.Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мұса Тілеуов, ардагер ұстаз Ағайша Сәдуақасова, журналист, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты Мәди Әлжаппаров Тоқтар Ерсейітов туралы естеліктерімен бөлісті. Кешке қатысушылар экраннан Т.Ерсейітовке арналған бейнероликті тамашалады, Сәтбаев қаласындағы №16 — мектептің оқушылары  ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.Тоқтар Ерсейітовтің бірнеше өлеңіне жергілікті композитор Мұрат Сейтенов ән жазған болатын. Мысалы, "Әнші балапан" әнін кезінде осы аттас телевизиялық байқаудың  жүргізушісі Рабиға Аманжолованың  сүйсіне орындағаны көпшіліктің жадында болуға тиісті. Осы ән кеш барысында Айнұр Аманжолдың орындауында араға отыз жылдай уақыт салып қайтадан орындалды. Сондай-ақ, ақынның сөзіне жазылған «Ақмола — астанам» әнін Нұрай Қамария, ал, «Көктем таңы» әнін Тоқтар Ерсейітовтің немересі, бірнеше ән байқауларының жүлдегер — жеңімпазы, Бауыржан Момышұлы атындағы  №1 -мектеп -гимназияның оқу озаты Нұржан Әбілхан нәшіне келтіре орындады. Кеш соңынан ақын рухына Құран бағышталды.

10:50