shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ

ОТАНДЫҚ ӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында Үкіметке орта кәсіпорындарды қолдаудың ұзақ мерзімді қаржыландыруды, технологиялық жаңғыртуды және ірі компаниялармен өзара байланысты нығайтуды көздейтін жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық кәсіпорындар үшін кепілді өткізу нарығын қалыптастыру, қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету және әділ бәсекелестік жағдайларын жасау қажеттігін атап өтті.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының төрағасы Қанат Шарлапаев бизнес-қоғамдастықтың қазақстандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және кәсіпорындардың қаржыландыру көздеріне қолжетімділігін кеңейту жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.

Ұлытау облысының бизнес-қоғамдастығы бұл бастаманы қолдайды. Отандық тауар өндірушілер шоғырланған өңіріміз үшін аталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор.

Бұл ретте қала құраушы кәсіпорындардың жергілікті өндірушілермен және жеткізушілермен өзара ынтымақтастығы ерекше рөл атқарады. Мұндай әріптестікті кеңейту қазақстандық қамту үлесін арттыруға, жергілікті бизнеске тұрақты тапсырыстар беруге, жұмыс орындарын сақтап, жаңаларын ашуға, сондай-ақ жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 Отандық кәсіпкерлердің ірі кәсіпорындардың өндірістік және сатып алу тізбектеріне толыққанды қатысуы маңызды. Ол үшін әкімшілік кедергілерді азайту, сатып алу рәсімдерін жетілдіру, ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейту, сондай-ақ қаржылық құралдардың қолжетімділігін арттыру қажет.

Жергілікті өндірушіні қолдау – өңір экономикасын нығайтудың, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашудың және Ұлытау облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды тетігі!

15:45