Ұлытау облысындағы білім беру саласы кәсіпкерлерінің мәселесі шешімін тапты

Ұлытау облысындағы білім беру саласының кәсіпкерлері 18 жасқа дейінгі балалармен, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге бағытталған қызмет түріне Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) бойынша жеке код енгізу қажеттігі туралы мәселе көтерді.
Аталған мәселе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен салалық кеңестердің отырыстарында бірнеше рет қаралды. Талқылау барысында көрсетілетін білім беру қызметтерінің ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті экономикалық қызмет түрін айқындау қажеттілігіне баса назар аударылды.
Мәселе «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевтың өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары және Ұлытау облысының бизнес-қоғамдастығымен кездесуі қорытындысы бойынша шешімін тапты.Нәтижесінде, кәсіпкерлердің өтініші негізінде 18 жасқа дейінгі балалармен, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қызмет түріне жеке ЭҚЖЖ коды енгізіліп, көтерілген мәселе оң шешімін тапты.«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің өтініштерімен жұмыс істеуді жалғастырып, кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешуге және өңірдегі іскерлік ортаны дамытуға ықпал етуде.

