shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

ТУРИЗМ САПАСЫ – САНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТЕН БАСТАЛАДЫ

ТУРИЗМ САПАСЫ – САНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында Туризм салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес төрағасы Ернар Смағұлов қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы санитариялық қауіпсіздік мәселелері мен қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптар болды. Өйткені туристік қызметтің сапасы қонақжайлылықпен ғана емес, сонымен қатар тазалыққа, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне және келушілердің сеніміне де тікелей байланысты.

Отырыс барысында салалық кеңес мүшелері бейінді мемлекеттік органдардың өкілдерімен және қоғамдық тамақтану саласында қызмет ететін кәсіпкерлермен бірлесіп, қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен оларды сақтау тәртібін талқылады.

Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Ұлттық сараптама орталығының өкілдері тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарын түсіндіріп, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге BusinessGO цифрлық платформасының мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, бизнес-процестерді автоматтандыруға, тауарлық есеп жүргізуге, онлайн-кассаны пайдалануға және кәсіпкерлік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған платформаның функционалдық мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Басты мақсат – санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.

Мұндай кездесулер бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтуға, заңбұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ қоғамдық тамақтану және туризм салаларындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.

15:30