Ұлытау облысының әкімі өңір кәсіпкерлерімен кездесті
Ұлытау облысының әкімі Есет Берікұлы Байкен өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін тыңдады.
Кездесудің салтанатты бөлімінде өңірдің дамуына қосқан үлесі мен кәсіби жетістіктері үшін бірқатар кәсіпкер марапатталды. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері көрмесі ұйымдастырылып, өңірде өндірілетін азық-түлік өнімдері, ұлттық бұйымдар мен қолөнер туындылары таныстырылды.
Ашық диалог барысында бизнесті субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру, несие алу кезіндегі кепіл мәселесі, мал және балық шаруашылығын дамыту, ет өнімдерін қайта өңдеу, жергілікті кәсіпкерлердің ірі кәсіпорындардың сатып алу рәсімдеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту және креативті индустрияны қолдау мәселелері талқыланды.
Кездесу билік пен бизнес өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік берді.







