Айрықша көрме
Бүгін Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында қалалық қолөнер шеберлері көрмесінің ашылу салтанаты болды. Салтантқа қала әкімі Асқар Абылайұлы Ыдырысов, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Ивановна Хмилярчук, қалалық Ақсақалдар алқасының төрағасы Өтеш Ахметов, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Көрмеде айрықша көзге түскені Азамат Бейсенәліұлы Бақияның еңбектері болды. Ол — музыкант, қолөнер шебері, ұлттық көне аспаптарды жаңғыртушы. Бір жақсысы, Азамат кешегінің дүниесін бүгін арқылы ертеңге жеткізуді ойлайтын азамат екен. Сондықтан да, ол ізінен көптеген шәкірт ергенін қалайтынын жасырмайды.Ол осы көрмені де "өскелең ұрпағымыз көрсін, өзіміздің ата-бабамыздың бай мұрасын білсін, үйренсін" деген ниетпен өткізіп отыр. Ал, білейін, көрейін деген үлкенге де, кішіге де көретін нәрсе көп. Мұнда домбыраның, қобыздың, сазсырнайдың, т.т. ұлттық аспаптардың қазақы тілмен айтқанда, неше атасы табылады. Бұлардың кейбірін Азамат көрші шет елдерге сапары барысында қолға түсіріпті.Қолынан өнер тамып тұрған Азамат кез келген аспапты өзі жасай біледі. Мысалы, керней. Сонау замандарда жорық кезінде қазақ керней, дабыл, ұран аспаптарын қолданған ғой. Азамат өзі жасаған керней аспабының дауысы 4-5 шақырымға жететінін айтады. Азаматтың келіншегі Айжанның да ұлттық аспаптарды жақсы меңгергені байқалады. Ол да өзіне шәкірттер тәрбиелей бастапты. Соның бірі -Айша Асқарқызы Ыдырысова. Қазір 4 -сыныпта оқитын Айша аз уақыт ішінде жетігенде әп-әдемі ойнауды үйреніп алыпты. Салтанатқа жиналғандар оның өнеріне де қол соқты.Қала әкімі Асқар Абылайұлы алдағы уақытта Азамат Бейсенәліұлының ойдағысын орындауына қажетті жағдай жасайтынын айтты.Көрме 7- қарашаға шейін Ш.Ділдебаев мұражайында өтеді.
Барыңыздар! Көріңіздер!
Біз қаншама нәрсені әдейі айтпай қалғанымызды көздеріңізбен барып, көріп, тәнті болып қайтыңыздар!