shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

АҒАЙЫНДЫ КОРЕЙ АЗАМАТТАРЫ

АҒАЙЫНДЫ КОРЕЙ АЗАМАТТАРЫ

Руслан Борисович ЮН өмірден озыпты.

Алдынан жарылқасын! Ол қазақ жүректі азамат болатын. Ертеректе жазған бір мақаламызда Руслан Борисовичтің сондай ерекшелігін сөз еткен екенбіз.

АҒАЙЫНДЫ КОРЕЙ АЗАМАТТАРЫ Руслан және Александр Юндердің Ислам дініне,қазақ тіліне деген көзқарастары көбімізге үлгі

Руслан Борисович — "Қазақмыс" корпорациясы Бас басқарушысы, ал Александр Борисович — оның бірінші орынбасары. Еліміздегі іргелі өңдіріс ошағының тізгінін ұстаған бұл қос азаматтың ұлты корей болғанымен, олар қазақ топырағының перзенттері, дәлірек айтқаңда, Жаңаарқа жерінің жігіттері. Қазақ арасында туып-өскендіктен болар, бәлкім табиғатынан жаратылыстары солай ма, олардың екеуі де Ислам дініне, қазақ тіліне әрқашан оң көзқарас танытып келеді. Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеп те жүр.Қалам тартуымызға қала мешітінің бас имамы Ардақ Абдоллаұлы Жүгініс айтқан мына бір әңгіме түрткі болып, қозғау салған еді. Сәтбаев қаласында 2002 жылғы 5 сәуірде сәулеті мен сәні көрген көзді сүйсіндірген мешіт ашылды. Қазір бұл мешіт қаладағы иманды шаралардың ордасына айналған. Мешіт алаңында «Бұл мешіт „Қазақмыс“ корпорациясының қала мұсылмандарына тартуы» деген сөздер тасқа қашалып жазулы тұр. Яғни, мешіт "Қазақмыстың" қаражатына салынған. — Егер Руслан Борисовичтің «иә» деген бір ауыз сөзі болмаса, қаламызда мұндай сәулетті мешіттің жуық арада пайдалануға берілуі неғайбыл еді — дейді мешіттің бас имамы.- Қаладағы бұрынғы мешіт 1992 жылы дүкенге арнап салынған ғимаратта ашылған болатын. Әрине, уақыт озған сайын жаңа мешіттің қажеттілігі айқын сезіле түсті. Ал бұған орасан зор қаражат қажеттігі сөзсіз. Тәуекелге басып, Руслан Борисовичке қолқа салып көргім келді. Ол кісімен бұған дейін бетпе-бет келіп, ауызба-ауыз сөйлесіп көрген емес едім. Ертелетіп қабылдау бөлмесіне барып, көппен бірге тосып тұрдым. Менің басымдағы сәлдеме қарап, дін өкілі екенімді аңғарған болуы керек, «Ең алдымен сіздің шаруаңызды білейік» деді де, мені қызмет бөлмесіне өзімен бірге ала кірді. Осының өзінен-ақ оның парасат-пайымының кеңдігі, түсінік-танымының молдығы аңғарылмай ма?Ішке енген соң: «Көп созбаңыз, шаруаңыздың мәнісін қысқа қайырыңыз» деген Руслан Борисовичке жаңа мешіт қажеттігін айта келіп, сөз арасында шіркеу салып бергеніне риза болған халық Кирсан Илюмжиновке «Бұл шіркеуді Кирсан Илюмжинов салдырған» деп жазып қойған екен. Егер Сіз Сәтбаев қаласында мешіт салуға көмектессеңіз, біз де «Бұл мешітті Руслан Борисович Юн салдырды» деп жазып қояр едік" дедім. Ол ырзалықпен күліп жіберді. Сосын: -Ешқандай жазудың қажеті жоқ Бірақ, Сәтбаев қаласына мешіт керектігіне дау жоқ. Сіз дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Дегенмен, бір өтінішім бар, мешіт қаланың орталығына, қазақтың қос ұлы перзенті Абай мен Қаныш Сәтбаев көшелерінің қиылысқан тұсына салынса екен. Ел-жұртқа осы сөзімді жеткізіңіз, ал, біз мешіт қаражатын қарастыратын боламыз — деді Руслан Борисович. Сөйтіп, талайдан бері «амалын қайтіп келтіреміз» деп жүрген осы мәселе айналасы он-он бес минуттің ішінде дөңгеленіп жүре берді. Арада бір жыл өткенде мешіттің салтанатты ашылу рәсімі болды. Оған Әбсаттар қажы Дербісәлі арнайы келіп қатысты.Халықтың алғыс, рахметін жеткізу үшін Бас басқарушыға бардым. Бәрі елдің көңілінен шыққанын, Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлінің тікелей алғысын жеткіздім. Руслан Борисович сөзімді салмақтылықпен қабылдап отырды да: — Бас мүфти бәрімізге қонақ еді ғой. Ал құрметті қонаққа қандай сый-сияпат жасалды — деп өзіме қарсы сұрақ қойды. Мен болсам, шыны керек, не дерімді білмей қалдым. Сосын сәл үнсіз отырып қалды да: — Ол кісіге жақсы көлік мінгізіп жібергеніміз жөн болатын еді — деп, алдындағы көп кнопкалардың бірін басып қалып, әлдебір лауазым иесін шақырды. Ол келген соң, маған айтқан ойын оған да айтгы. «Оның еш қиындығы жоқ — деді әлгі кісі.- Мінілген „Мерседестердің“ бірін...»- Жоқ, олай болмайды. Шіркеудің басшыларына қараңыз, олар «Лимузин» мініп жүр, ал сіз Бас мүфтиге мінілген «Мерседесті» ысыра салғыңыз келеді. Болмайды. Дереу Германиямен, зауытпен хабарласып, арнайы тапсырыс беріңіз.Осы әңгімеден соң, арада біршама уақыт өткенде "Қазақмыс" корпорациясының атынан Бас мүфтиге «Мерседес» автокөлігі сыйға тартылды. Мәселе — машинада емес, мәселе — Руслан Борисовичтің көңілінде. Оның «Шіркеудегілер „Лимузин“ мініп жүр» деген сөзінің астарында қандай мән жатыр десеңізші?! Осыны өзіміздің қазақ жігіттері айта алар ма еді?- Мен сізге тағы бір әңгіме айтайын — деді бас имам сәлден кейін. — Жұмыс бөлмемде отырсам, Руслан Борисович кіріп келді. «Шақырсаң, келтіре алмайсың» дейтіндей кісі ғой. Күнібұрын хабар бермегенін айтамын да. Әйтпесе, мешіт ашылған соң, арнайы келіп, көріп, садақасын беріп кеткен-ді. Оның бұл жолғы келісі…«Мен биыл 49-ға, яғни мүшел жасқа аяқ бастым. Мүшел адамға ауырлығы мол болатын кезең екенін білем. Сәл де болса осы мүшел жастан қиындықтарға кездеспей, аман-есен өту мақсатында ырымдарын жасап, Құран оқытсам деймін. Соның жолдарын өзіңізбен ақылдасайын деп келдім — деді ол. Мерейтойын тойлап жатқандар жетерлік қой, ал мүшелге енгенде „Осының ауырлығы аз болсын“ деп кәде — қауметін жасайын деп едім» деген кісіні алғаш рет көруім. Тәртібін түсіндірдім. Сөйтіп, қара қой алдырып, «Бисмилла рахман-ар-рахимді» айтқызып, басқа да шарттарын жасап, оның отбасында, қазақы дастархан басында Құран оқып, ол кісінің мүшелден аман-сау өтуін тілеген едік.Бас имам айтқан бұл әңгімелер шынында да ойланарлық еді. Руслан Борисовичтің Ислам дініне оң көзқарасының тағы бір дәлелі, оның шешіміне сәйкес Сәтбаев қаласындағы мешіттің коммуналдық қызмет ақысын төлеуді түгелдей корпорация өз мойнына алып отыр. Және жуырда ғана ол Жезқазған қаласының орталығынан да корпорация қаражатына мешіт салынатындығын жария етті. Ал Жезқазғандағы мешіт қала сыртына орналасқандықтан, көп ыңғайсыздық тудырып жүргені бірталайдан бері айтылып келеді. Енді бұл проблема да шешілетін болды.Ал, Александр Борисовичтің әлденеге сүйсінгенде айтар сөзі «Слава Аллаху!» болып келетінін екінің бірі біледі. «Слава Богу» демейді ол, «Слава Аллаху»дейді. Неге? Өзінің айтуынша, ол Алланың құдіреттілігіне көзі әбден жеткен адам.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Александр Борисович бірнеше жыл Приморье өлкесінде еңбек еткен. Ну орман, ми батпақ…- Бірде батпақтың ұйығына түсіп кеттім. Айналамда тірі жан жоқ. Жан беру оңай ма, Аллаға жалбарындым, «Бар болсаң құтқара гөр» деп. Енді баттым-ау деген сәтте аяғым әлдебір ағашқа тіреліп, содан тырмысып-тырбанып жүріп, аман қалдым. Мен сонда Алланың құдіретіне алғаш рет бас иген едім. Кейін де бірнеше мәрте Алланың атын айтып, құлшылық жасап, бастаған ісімнің оңға басқанын көріп, шексіз сенімге ие болдым — дейді ол.Жезқазған қалалық «Сарыарқа» газетінің бұрынғы редакторы Амандық Рахұлы бірде: "Өзімізден шыққан басшы ағайындарға қарағанда, Александрым мың есе артық екен ғой" деген сүйінішін айтқаны бар еді. Өйткені, баспасөзге жазылу науқаны кезінде кәсіпорын, мекеме, ұйымдарды аралап барғанда қазақ жігіттері: "Қазір демократия, кім қандай газетке жазылады, өзі біледі" деп сырғалақтаса, сол кезде Оңтүстік Жезқазған кенішінде директор болып қызмет істейтін Александр Борисович бүкіл аппаратын жинап алып: «Орыстілді газетке көп қамқорлықтың қажеті жоқ. Өйткені, олардың оқырманы да көп, жарнамасы да жеткілікті. Ал, қазақтілді газетке міндетті түрде көмектесуіміз керек. Кеңестің кезінде елдің бәрі орысшаға бейімделіп кеткеніне қазақ журналистері кінәлі емес. Газет шығарып отырған жігіттердің еңбегін құрметтеуіміз керек. Бірінші болып өзім жазыламын, „Сарыарқаға“ деп қамқорлық таныта сөйледі ғой. Бұған кейбір басқа ұлт өкілдері тіксініп: „Оқи алмаймыз, несіне жазыламыз“ деп көнбейтін сыңай танытады.- Оқи алмасаңыз, үйреніңіз. Тіпті, балаларыңыз үшін, немерелеріңіз үшін жаздырып алыңыаз. Мектептерде қазақ тілін оқытып жатқан жоқ па, міне, сол балаларға қазақ газеті көмекші құрал болады — деп нығарлай түскен Александр Борисовичтің уәжді сөзіне ешкім қарсылық танытпаған екен.

Сол Оңтүстік Жезқазған кенішінде директор болып жүргенде, өзі мәжіліс өткізетін үлкен залды „Мемлекеттік тіл кабинетіне“ айналдырып, кеніш қаражатына арнайы мұғалім ұстап, қазақ тілін оқып-үйренуге үлкен бетбүрыс жасаған осы Александр Борисович болатын. „Сабақ жүріп жатыр“ деген жай сөз болып қалмасын деп, қазақ тілін қаншалықты меңгергендерін арнайы сынақ комиссиясынан өткізіп отыратын да еді. „Хабар“ телеарнасынан берілетін „Тілашар“ хабарының бейнетаспасын сатып алып, оны үйренемін деп тілек білдіргендерге тегін қайта жаздырып берген де осы Александр Борисович еді.Сол кезде кеніштен „Имандылық бөлмелері“ де ашылған болатын. Александр Борисовичтің бастамасымен ашылған бұл бөлмелерде мұсылмандар намазын оқып, христиандар мінажат етіп жататын-ды. Кеніштің өз молдасы болатын. Ол жұмыстан қолдары қалт еткен кеншілерге, басқа да қызметкерлерге имандылық, мейірімділік туралы уағыз айтатын, харам нәрселерден сақтандыратын. Тіл мен дінге қатысты осы істердің ар жағынан Александр Борисовичтің шын ниеті, шын көңілі аңғарылып тұратын.***Корей ұлтының өкілі болып табылатын Руслан және Александр Борисовичтердің Ислам дініне, қазақ тіліне деген шынайы ықылас-пейілдерінің кейбір мысалдары осындай. „Біздің мемлекетіміз басқа ұлт өкілдеріне үлкен дарқандық танытып отыр. Осыны түсіне білуіміз керек. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні қазақ тілі көпшіліктің тіліне айналады. Ол тілді білмегендер қиналатын күн де туады. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтыла білгеніміз жөн“ деген пікірді алғаш рет Александр Борисовичтің аузынан естіген едік. Өкінішке қарай, өзіміздің азаматтар өз ойларын осылай ашық айта алмайды көбінесе. Дінге, тілге қатысты мәселелерде осындай батылдыққа бара алмайды. Ағайынды Руслан мен Александр Борисович Юн туралы қалам тартқандағы мақсат — олардың мерейін тасыта отырып, өз бауырларымызға қамшы басу еді. Сол ойымызға жете алсақ қане?!(»Егемен Қазақстан", 18 қараша 2003 ж.)

Суретте: екінші қатарда: солдан оңға қарай Руслан Юн.

16:25