Ұлытау облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі салааралық кеңестің отырысы өтті.
Жиын барысында қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігінде кездесетін өзекті мәселелерді талқылап, кеңестің 2027 жылға арналған жұмыс жоспарын айқындады. Сондай-ақ отырыс барысында «Asmar» әйелдер көшбасшылығын дамыту жобасына қатысу мәселелері қаралды.Отырыс барысында әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамыту, кәсіпкер әйелдердің бастамаларын қолдау және өңірде жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жиын аясында кеңес мүшелерінің бірі, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі — Арайлым Есембекова өзінің «Lebiz» атты жеке брендін таныстырды. Бренд Ұлытау облысының символикасы бейнеленген әйелдерге арналған жібек орамалдар шығарумен айналысады. Бренд топтамасында өңірдің тарихи-мәдени мұрасын дәріптейтін бұйымдар ұсынылған. Орамалдарда Ұлытау облысының көрікті жерлері мен тарихи ескерткіштері, соның ішінде Жошы хан кесенесінің бейнесі көрініс тапқан. Мұндай бастамалар кәсіпкерлік идеялардың өңірдің мәдени мұрасын насихаттауға және жергілікті брендтердің танымалдылығын арттыруға ықпал ететінін көрсетеді. Әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі салааралық кеңестің отырысы тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың алдағы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.




