Евротехсервис»: отандық машина жасау саласының өзекті мәселелері талқыланды
«Евротехсервис » ЖШС-не Қазақстан машина жасаушылар одағы мен Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында қонақтар «Евротехсервис » ЖШС-нің қазіргі қызметімен және өндірістік әлеуетімен танысты. 2004 жылы құрылған кәсіпорын халықаралық GRP Group консорциумының еншілес құрылымы болып табылады және ауыр техникаға, өнеркәсіптік және тау-кен жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуге маманданған өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі саналады.Компания қызметінің негізгі бағыты – «Қазақмыс» корпорациясының машиналары мен арнайы техникаларын кешенді жөндеу және оларға сервистік қызмет көрсету. Кәсіпорында енгізілген мониторинг технологиялары мен қызмет көрсету стандарттары қала құраушы алып кәсіпорынның өздігінен жүретін және стационарлық жабдықтарының тұрақты жұмысқа жарамды күйде болуын қамтамасыз етеді. Бұл өндірістегі тоқтап қалуларды азайтып, өңірдің тау-кен өнеркәсібі саласының жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.Жөндеу цехтары мен технологиялық желілерді аралағаннан кейін Қазақстан машина жасаушылар одағының өкілдері отандық кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, өткізу нарықтарын дамыту, жергілікті қамту үлесін арттыру және еліміздің машина жасау саласын дамыту мәселелері сөз болды.



