Ұлытау облысында Қазақстан машина жасаушылар одағы өкілдерінің жұмыс сапары қорытындыланды
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан машина жасаушылар одағы өкілдерінің өңірдегі өндірістік кәсіпорындарға жасаған жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша Өңдеу өнеркәсібі жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан машина жасаушылар одағы атқарушы дирекциясының директоры Талғат Базарбеков, Одақ атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Махамбет Мендіғалиев, Қазақстан машина жасаушылар одағының Ұлытау облысы бойынша өңірлік өкілі, «Қазкат» мыс катанкасы зауытының директоры Асхат Қайранов, Салалық кеңес мүшелері және өңірдегі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының басшылары қатысты.Одақ жұмысының басты мақсаты – отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында олардың мүдделерін білдіру, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыстарға қатысу. Кездесу аясында бизнестің проблемалық мәселелері бойынша ашық диалог өтіп, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау тетіктері пысықталды.Өзекті мәселелер қатарында өнім өткізу, жаңа нарықтарды іздеу және тұтынушылар нарығын кеңейту, сондай-ақ контрагенттердің жасалған шарттар талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілігі болды. Сонымен қатар, өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы отандық өндірушілер үлесін жүйелі түрде арттыруға қатысты жергілікті қамту мәселелері де талқыланды.Өңдеу өнеркәсібін дамытудың стратегиялық мәселелері Қазақстан машина жасаушылар одағы мен Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің Ұлытау облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Эмиль Мисбаховпен жеке кездесуінде де талқыланды.Кездесу барысында өңдеу өнеркәсібі үшін балама бағыт ретінде өңірден тыс жерлерге өнім жеткізу географиясын кеңейту жөнінде ұсыныстар айтылды. Өңіраралық әріптестікті дамыту Ұлытау облысының кәсіпорындарына жаңа нарықтарға шығуға, Қазақстанның басқа облыстарындағы серіктестік байланыстарын нығайтуға және республикалық жеткізу тізбектеріне белсенді түрде интеграциялануға мүмкіндік береді.





