shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

"Бір ауыл-бір өнім": кәсіпкерлерге сертификаттау және қаржыландыру тетіктері түсіндірілді

"Бір ауыл-бір өнім": кәсіпкерлерге сертификаттау және қаржыландыру тетіктері түсіндірілді

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы кәсіпкерлердің, сарапшылардың, қаржы институттары мен кәсіпкерлікті қолдау ұйымдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Кездесудің мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерге өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қажетті сертификаттарды алу мүмкіндіктері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану жолдары туралы ақпарат беру.

Қажетті рәсімдерден өту тәртібі туралы «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растау бөлімінің жетекші маманы Райхан Есимова және филиалдың Жезқазған қаласындағы бөлім басшысы Қайрат Достанбеков баяндады.

Мамандар кәсіпкерлерге сәйкестік сертификаты мен сәйкестік туралы декларацияны алу тәртібін түсіндіріп, рәсімдердің негізгі кезеңдері туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар, Жезқазған және Жаңаарқа аудандарында аккредиттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, лицензияны қыркүйек айының басында алу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Кездесуде кәсіпкерлерді қаржылай қолдау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. «Ұлытау» ӘКК» АҚ Кредиттік бағдарламалар және лизинг департаментінің директоры Рамазан Мұқағали мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері Аяулым Қадырова кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржыландыру, субсидиялау және кепілдендіру құралдары туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің өкілдері қолданыстағы талаптар сақталған жағдайда модульдік ғимараттарды өндірістік цех ретінде пайдалануға болатынын түсіндірді. Бұл кәсіпкерлер үшін өндірісті іске қосу мүмкіндіктерін кеңейте түседі.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға, сондай-ақ жергілікті шикізат негізінде ұлттық және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып өндірілген өнімдерді ілгерілетуге бағытталған.

Кәсіпкер үшін сапалы өнім өндірумен қатар, оның сәйкестігін растау, қажетті құжаттарды рәсімдеу, қаржыландыру көздерін анықтау және өнімді нарыққа шығару тетіктерін білу маңызды.

Мұндай кездесулер кәсіпкерлер мен сарапшылар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Ұлытау облысында жергілікті кәсіпкерлікті дамыту, отандық өнімнің сапасын арттыру және ауыл тұрғындарының табысын көбейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

14:13