«Маркетплейс» курсының қатысушылары қорытынды емтиханды сәтті тапсырды
Сәтбаев қаласында Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Сәтбаев қаласы әкімдігінің бірлескен қолдауымен ұйымдастырылған «Маркетплейс» білім беру курсы жалғасуда. Бағдарлама кәсіпкерлік әлеуеті бар әйелдерді қолдауға, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға және онлайн-сауданың заманауи құралдарын меңгеруге бағытталған.
Оқу бағдарламасының кезекті кезеңінде қатысушылар қорытынды емтихан тапсырып, оқу барысында алған теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетті. Әрбір тыңдаушы өз жұмысын қорғап, меңгерген құзыреттері туралы баяндады және комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Осылайша олар алған білімдерін кәсіпкерлік қызметте тиімді қолдануға дайын екендіктерін дәлелдеді.
Қорғау барысында қатысушылар маркетплейстерде жұмыс істеу қағидаларын терең меңгергендерін, тауарларды заманауи тәсілдермен ілгерілетуді, клиенттермен тиімді қарым-қатынас орнатуды үйренгендерін және электрондық коммерция саласында өз кәсіптерін дамытуға нық қадам жасағандарын атап өтті.

Сондай-ақ қатысушылар кәсіпкерлік әлеуеті бар әйелдерге арналған бұл оқуды ұйымдастырған Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Сәтбаев қаласының әкімдігіне алғыстарын білдірді. Олардың пікірінше, мұндай білім беру бағдарламалары әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға, қажетті білім мен тәжірибе жинақтауға, сондай-ақ өз ісін ашуға немесе оны одан әрі дамытуға зор мүмкіндік береді.
«Маркетплейс» курсы өз тиімділігін дәлелдей отырып, кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, цифрлық экономика жағдайында табысты бизнес жүргізуге жол көрсетуде.










