ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНДА ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНЫП
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Құрылыс, логистика және көлік салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында құрылыс саласында қызмет атқаратын кәсіпкерлердің қызметіне қатысты өзекті мәселелер қаралып, сондай-ақ Кеңес төрағасын қайта сайлау рәсімі өтті.
Отырысқа Салалық кеңестің төрағасы Қанат Құлмағанбетов, Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Шыңғыс Самиев, Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің техникалық нормалау бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Руслан Шайхин, мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері, сондай-ақ өңірдің құрылыс саласында қызмет атқаратын кәсіпкерлер қатысты.Күн тәртібінде құрылыс саласы мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметіне қатысты мәселелер қаралды. Атап айтқанда, нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу тәртібі талқыланды.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптарын, қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібін жан-жақты түсіндіріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым құрылысының (қайта жаңғыртудың) шекті құнын 50 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейін ұлғайту жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері қатысушыларды Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістермен таныстырып, құрылыс саласына қатысты нормаларға ерекше назар аударды.
Сондай-ақ Кеңес мүшелеріне кәсіпкерлерге онлайн форматта қызметтердің кең ауқымын алуға, сарапшылармен жедел өзара іс-қимыл жасауға және бизнесті дамытуға арналған заманауи цифрлық құралдарды пайдалануға мүмкіндік беретін Business GO жаңа цифрлық платформасы таныстырылды.Отырыстың қорытынды бөлімінде Салалық кеңестің төрағасы қайта сайланды. Бұған дейін Кеңесті басқарған Қайрат Құлмағанбетов денсаулық жағдайына байланысты өз өкілеттігін тоқтатуына байланысты, Кеңес мүшелері бірауыздан дауыс беру арқылы жаңа төраға болып Анар Айтенованы сайлады.
Анар Айтенова құрылыс саласында көпжылдық тәжірибесі бар маман. Қазіргі уақытта ол Story Servis компаниясының өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы қызметін атқарады, сондай-ақ «Экспертиза орталығы» ЖШС-нің сәулет саласындағы сарапшысы болып табылады. Отырысқа қатысушылар оның кәсіби тәжірибесі мен біліктілігі Кеңестің тиімді жұмысына және өңірдің құрылыс саласының одан әрі дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді.








