МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА БІЛІКТІЛІК ТАЛАПТАРЫ
Кездесуге медицина саласы бойынша салалық кеңестің төрайымы Валентина Князева модераторлық етті. Отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Бекзатова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК Ұлытау облысы бойынша филиалының басшысы Жансая Амангелдина, Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Маржан Жауен, сондай-ақ салалық кеңес мүшелері қатысты.
Отырыстың негізгі тақырыбы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енетін медициналық және фармацевтикалық қызметке қойылатын біліктілік талаптарына енгізілген толықтырулар болды. Қатысушыларға алдағы өзгерістер, олардың тәжірибеде қолданылуы және өңірдегі медициналық әрі фармацевтикалық ұйымдардың қызметіне ықпалы жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін жаңартылған заңнама талаптарына уақтылы сәйкестендірудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Гүлмира Бекзатова жаңа біліктілік талаптары бойынша түсіндірме беріп, медициналық ұйымдар өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, ол медициналық және фармацевтикалық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы талаптарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.Күн тәртібіндегі екінші мәселе СУР 2.0 ақпараттық жүйесін енгізу болды. «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы» Ұлытау облысы бойынша филиалының басшысы Жансая Амангелдина жүйенің жұмыс ерекшеліктері, денсаулық сақтау субъектілерін жүйеге қосу тәртібі туралы баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығы және медицина саласындағы кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ашық диалог заңнамадағы өзгерістер туралы уақтылы ақпарат алмасуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және денсаулық сақтау ұйымдарын 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа талаптарға тиімді дайындауға ықпал ететінін атап өтті.







