ЖЕКЕМЕНШІК БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ: ЛИЦЕНЗИЯЛАУ ЖӘНЕ ЭҚЖЖ КОДТАРЫН НАҚТЫЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ұлытау облысында жекеменшік білім беру саласын дамыту мәселелері талқыландыҰлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік салалық білім беру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық кеңес мүшелері және жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары қатысып, мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесудің негізгі тақырыбы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарын лицензиялау мәселесі болды. Кеңес отырысын ашқан Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова жекеменшік білім беру ұйымдарының мәселелерін уақытылы шешу өңірдегі білім беру жүйесінің сапалы дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Ұлытау облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гауһар Жақыпбекова баяндама жасап, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілуі жоспарланып отырған міндетті лицензиялау талаптарын түсіндірді. Сонымен қатар лицензиялау барысында туындауы мүмкін мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде ақпарат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Отырыста сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарының қызмет түрлерін Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) бойынша нақтылау мәселесі қаралды. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызметтер және түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Жанар Оңғарқұлова баяндама жасады. Талқылау барысында жекеменшік білім беру ұйымдарының ЭҚЖЖ кодтарын нақтылап, оларды мектепке дейінгі ұйымдардан бөлек санат ретінде қарастыру қажеттігі айтылды. Мұндай тәсіл мемлекеттік емес білім беру секторының нақты статистикасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламаларын жүзеге асыратын барлық мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар үшін міндетті лицензиялау тетігін енгізу жоспарланып отырғаны айтылды. Осыған байланысты өңірлік кеңес алаңында лицензиялау талаптарын түсіндіру, алдағы өзгерістер бойынша пікір алмасу және ұйымдардың дайындық деңгейін талқылау маңызды қадам ретінде бағаланды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ұсыныстарын ортаға салып, мемлекеттік органдар мен жекеменшік білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде ортақ пікірге келді.Өңірлік салалық білім беру кеңесі алдағы уақытта да жекеменшік білім беру ұйымдарының қызметіне қолайлы жағдай жасауға, кәсіпкерлердің ұсыныстарын мемлекеттік органдарға жеткізуге және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған жұмысты жүйелі түрде жалғастыратын болады.












