ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНДА ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында өңірдің туризм саласын дамыту, туристік қызмет көрсету сапасын арттыру және қонақ үй нысандары мен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған Туризм салалық кеңесінің отырысы өтті.
Отырыс барысында өңірдегі қонақ үйлерде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өндірілетін жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін таныту және ілгерілету тетіктері талқыланды.Аталған бастама туристерді жергілікті қолөнершілер мен өндірушілердің бірегей өнімдерімен таныстыруға мүмкіндік беріп, өңірлік кәсіпкерлікті қолдаудың қосымша тетігіне айналмақ.

Сонымен қатар туристер мен өңір қонақтарына арналған Ұлытау облысының көрікті жерлері, туристік маршруттары және демалыс мүмкіндіктері туралы туристік-ақпараттық материалдарды орналастыру мәселелері қаралды.Отырыс барысында жаңа BusinessGO цифрлық платформасының таныстырылымына ерекше назар аударылды. Палата директоры Гүлмира Каженова платформаның мүмкіндіктерін таныстырып, кәсіпкерлерге қолжетімді сервистер туралы айтып өтті. Сондай-ақ BusinessGO платформасы қызметтерді алуды жеңілдетіп, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына серпін беретінін атап өтті.Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Ұлытау облысының туристік әлеуетін арттыру, жергілікті өндірушілердің өнімдерін ілгерілету және кәсіпкерлік қызметке заманауи цифрлық құралдарды енгізу мақсатында мемлекет, бизнес және туризм саласы өкілдерінің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.






