Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында инвесторлардың өзекті мәселелері талқыланды
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында прокуратура, мемлекеттік органдар және инвесторлардың қатысуымен инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысында кәсіпкерлер кездесетін әкімшілік және инфрақұрылымдық кедергілерді талқылау болды.
Бүгінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада Ұлытау облысы бойынша жалпы құны 564 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба тіркелген. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 3 681 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар инвестициялық қызметтің табысты жүзеге асырылуы жобаларды іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде туындайтын мәселелерді жедел шешуге тікелей байланысты.
Кездесу барысында инвестициялық компаниялардың өзекті мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүзеге асырып жатқан «MEZGILDER QUSHTERI» ЖШС жабдықтарды импорттау кезінде қосылған құн салығын төлеген. Алайда ҚҚС бойынша есепке жатқызу тетігі қайта енгізілгеннен кейін компания кедендік декларацияларға тиісті түзетулер енгізуге қол жеткізе алмай отыр. Қазіргі таңда бұл мәселе өз шешімін таппаған және уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен қосымша қарауды талап етеді.
Тағы бір мәселені Оңтүстік өнеркәсіптік аймақта инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан «DD-JOL» ЖШС көтерді. Негізгі түйткіл – тұрақты сумен жабдықтаудың болмауы. Тереңдігі 100 метр болатын ұңғыма қажетті көлемде су бере алмағандықтан, жобаны толық көлемде іске асыру мүмкін болмай отыр. Дөңгелек үстелге қатысушылар бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жан-жақты пысықтау қажеттігін атап өтті.
Әкімшілік сипаттағы қиындықтарды «Исмаил» шаруа қожалығы да көтерді. Жаңбырлатып суару жобасын іске асыру барысында кәсіпкер жер учаскесіне ресми мекенжайдың берілмеуі мәселесіне тап болған. Соның салдарынан eGov порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша тіркелу және жергілікті атқарушы органдардың талаптарын орындау мүмкін болмай отыр. Бұл мәселе де әлі күнге дейін өз шешімін тапқан жоқ.
Отырыс барысында Ұлытау облысы прокуратурасының инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі топ жетекшісі Өмірзақ Әлиев инвесторлардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы тетіктері және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу барысында прокуратура мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы туралы баяндама жасады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, оларды шешу бағытында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізілетіні атап өтілді. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары барлық кедергілер толық жойылғанға дейін жалғасады.
Мұндай кездесулер кәсіпкерлік саласындағы жүйелі мәселелерді дер кезінде анықтауға, оларды шешудің тиімді тетіктерін әзірлеуге және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – Ұлытау облысының инвестициялық ахуалын жақсарту мен өңір экономикасын дамытудың маңызды бағыттарының бірі.









