Ұлытау ауданында «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауының аудандық кезеңі өтті
Ұлытау ауданында жергілікті өндірушілерді қолдауға, кәсіпкерлікті дамытуға және жергілікті шикізаттан өндірілген өнімдерді насихаттауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауының аудандық кезеңі өтті.
Іс-шараға ауданның 16 кәсіпкері қатысып, өз өндірістерінің өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрме қонақтары ұлттық дәстүрлі өнімдермен танысты. Олардың қатарында құрт, қымыз, ірімшік, құрткөже, сондай-ақ жергілікті өндірушілер дайындаған итальяндық ірімшіктің бірнеше түрі болды. Сонымен қатар көрмеде жүн мен былғарыдан жасалған қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер және отандық өндірістегі шұжық өнімдері ұсынылды.
Көрме-байқау қатысушыларын Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек пен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова құттықтады. Өз сөздерінде олар жергілікті өндірісті дамытудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай жобалар ауыл кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және өңірдің бірегей өнімдерін кеңінен танытуға ықпал ететінін айтты.
Көрме қонақтары мен байқау комиссиясы мүшелерінің ерекше қызығушылығын Ұлытау облысының логотипі бейнеленген ерекше инсталляция тудырды. Оны жасау барысында табиғи былғары, жануарлардың сүйектері және жергілікті ағаш түрлері пайдаланылып, өңірдің табиғи байлығы мен мәдени мұрасын айқын көрсетуге мүмкіндік берді.
Іс-шара қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі мен көрме-байқауға белсенді қатысқаны үшін Құрмет грамоталары мен естелік мүсіншелер табысталды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашуды жалғастырып, өндірісті дамытуға, өнім сапасын жетілдіруге және жаңа өткізу нарықтарын табуға қолдау көрсетуде.











