СПОРТ ӘЛЕМІНЕ ПАЙДАЛЫ ЭКСКУРСИЯ
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының Әлеуметтік кәсіпкерлік жөніндегі салалық кеңестің мүшелері балаларды спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырды.
Іс-шараға 5 пен 10 жас аралығындағы балалар қатысты. Экскурсия барысында олар бокс залына барып, спорттың осы түрімен танысып қана қоймай, жаттығу процесіне де қатысу мүмкіндігіне ие болды.Шараның тәжірибелік бөлімі балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Жаттықтырушы әрі әлеуметтік кәсіпкер Сайлаубек Жүріновтің жетекшілігімен қатысушылар қарапайым жаттығулар жасап, бокстың бастапқы қыр-сырын меңгеріп, алғашқы сабақтарын алды. Сонымен қатар жаттықтырушы балаларға тәртіптің, тұрақты жаттығудың және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы туралы айтып берді.Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың жан-жақты дамуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ олардың ой-өрісін кеңейтіп, спортқа деген қызығушылығын арттырады, мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейді және өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.
— Біз балаларға спорттың тек жарыс пен жетістікке жетудің құралы ғана емес, сонымен қатар шынығып, өзіне деген сенімділікті арттыруға және жаңа достар табуға мүмкіндік беретін орта екенін көрсеткіміз келеді. Осындай экскурсиялар арқылы балалар әртүрлі спорт түрлерімен танысып, өздеріне ұнайтын бағытты таңдай алады, — дейді ұйымдастырушылар.
Әлеуметтік кәсіпкерлер алдағы уақытта да осындай іс-шараларды ұйымдастырып, балаларды спорттың әртүрлі түрлерімен таныстыруды және олардың белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етуді жоспарлап отыр.










