Сәтбаев қаласында «Бір ауыл – бір өнім» конкурс-көрмесінің өңірлік кезеңі өтті
Сәтбаев қаласында Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір өнім» конкурс-көрмесінің өңірлік кезеңі өтті.
Іс-шара жергілікті өндірушілерді қолдауға, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға және жергілікті шикізаттан өндірілген өнімдерді насихаттауға бағытталды.Көрмеге облыстың қала-аудандарынан келген 22 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен қолөнерші қатысты. Қатысушылар өңірдің байлығы мен ерекшелігін айшықтайтын түрлі өнімдерін ұсынды. Көрме қонақтары жергілікті шикізаттан дайындалған ауыл шаруашылығы өнімдерімен, ұлттық киімдермен, тұрмыстық бұйымдармен, балаларға арналған тауарлармен және қолөнер шеберлерінің сан алуан туындыларымен танысты.Іс-шараға қатысушылар мен қонақтарға Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ормағов пен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова құттықтау сөз сөйлеп, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың, ұлттық дәстүрлерді сақтаудың және өңірдегі шағын бизнесті дамытудың маңыздылығына тоқталды.Көрме барысында қатысушылар өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, тәжірибе алмасып, іскерлік байланыстар орнатуға және тауарларын кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік алды.Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша үздік өндірушілер анықталып, олар «Бір ауыл – бір өнім» байқауының облыстық кезеңінде Ұлытау облысының атынан қатысатын болады. Байқауға қатысу кәсіпкерлерге өз өнімдерін ілгерілетуге, өткізу нарықтарын кеңейтуге және брендтерінің танымалдылығын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.«Бір ауыл – бір өнім» конкурс-көрмесі жергілікті өндірістің дамуына серпін беріп, өңірлік бірегей тауарлардың қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің әлеуетін ашып, дәстүрлі қолөнер мен жергілікті ресурстарды бәсекеге қабілетті өнімге айналдыруға мүмкіндік береді.






















