МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік сатып алу және бизнес құқықтарын қорғау мәселелері бойынша семинар өтті
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында бизнесті қорғау бағытындағы жұмыс аясында «Мемлекеттік сатып алулар және әкімшілік айыппұлдар: құқық қолдану практикасы және бизнесті қорғау» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға Ұлытау облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының өкілдері қатысты.Палатаның құқықтық мәселелер жөніндегі директор орынбасары Ғалымжан Сүтбаев бірлескен кеңестің мақсаты шағын және орта бизнес субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ кәсіпкерлік қызмет саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу екенін атап өтті.Семинар барысында кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу саласындағы қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілді. Кәсіпкерлер алдында Ұлытау облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьялары Гүлмира Шаянова мен Бибігүл Тұртбаева, Жезқазған қаласының Мамандандырылған тергеу сотының төрағасы, Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты әкімшісінің басшысы Бектай Тұрсынбетов, Ұлытау облысының кәсіби медиаторы Айым Мусина, сондай-ақ Ұлытау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Мәулен Қайруллаев түсіндіру жұмыстарын жүргізді.Кездесу барысында құқықтық дауларды реттеу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлік ортада медиация тәжірибесінің тиімді қолданылып келе жатқаны айтылып, оның тараптардың өзара тиімді келісімге келуіне және ұзаққа созылатын сот процестерінің алдын алуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.Осындай кездесулер кәсіпкерлердің құқықтық мәдениетін арттыруға, заңнама талаптарын сақтау дағдыларын қалыптастыруға және кәсіпкерлік қызмет барысында құқықтық қателіктерге жол бермеуге ықпал етеді.









