ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, сондай-ақ жергілікті сауда нүктелері мен супермаркеттер өкілдерінің қатысуымен шағын және орта бизнес жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті.
Отырыс барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың өнімдерінің жергілікті дүкендер сөрелеріндегі үлесін арттыру мәселелері қаралды.Талқылаудың негізгі тақырыбы – отандық өндірушілер өнімдерін ілгерілету және олардың дүкендер мен супермаркеттер сөрелерінде тұрақты ұсынылуын қамтамасыз ету болды. Қатысушылар ішкі өндірісті дамыту өңір экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.Сонымен қатар, өндірушілер мен сауда желілері арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Ынтымақтастық тетіктерін кеңейту, өнімді орналастыру шарттарын жеңілдету, сондай-ақ оның тұтынушылар арасындағы танымалдылығын арттыру бойынша ұсыныстар айтылды.Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар жергілікті өндірістің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және Ұлытау облысы нарығында отандық өнім үлесін арттыру мақсатында сауда желілерімен әріптестікті одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.




