Ұлытау облысында массаж ісі бойынша оқыту жалғасуда
Ұлытау облысында кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың біліктілігін арттыруға бағытталған білім беру бастамалары жүзеге асырылуда. Солардың бірі – облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған массаж ісі бойынша курстар.
Оқытуды көпжылдық тәжірибесі бар маман, «Body Room Massage» салонының негізін қалаушы Гүлдана Аймағанбетова жүргізуде. Курс барысында қатысушылар кәсіби қызметке қажетті теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларды да меңгеруде.Теориялық бөлімнен кейін тыңдаушылар практикалық сабақтарға көшті. Оқу барысында олар лимфодренажды, бетке арналған және жалпы массаж түрлерін меңгеріп, негізгі әдіс-тәсілдермен танысты. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар, оның ішінде сөйлеу дамуы кешеуілдеген балаларға арналған массаждың бастапқы әдістеріне ерекше көңіл бөлінді.Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай курстар халықтың жұмыспен қамтылуын арттырып қана қоймай, өңірдегі қызмет көрсету саласының дамуына серпін береді. Қатысушылар сұранысқа ие мамандықты игеріп, алдағы уақытта өз ісін ашуға немесе мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.Айта кету керек, аталған оқыту шағын және орта бизнесті қолдау аясында жүзеге асырылып, өңір тұрғындарына өзін-өзі дамытуға және табыс табуға жаңа мүмкіндіктер ұсынады.



