ТАБЫСТЫҢ ҮШ ТІРЕГІ: БИЗНЕС, КОЛЛЕДЖ ЖӘНЕ АТАМЕКЕН
Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу аясында технология және сервис колледжінде студенттер мен «Атамекен» палатасының және әлеуметтік серіктестердің қатысуымен үшжақты кездесу өтті. Ерекше форматта — «достық шай үстінде» өткен бас қосу қатысушыларға бейресми жағдайда пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Іс-шараның құрметті қонақтары әрі колледждің әлеуметтік серіктестері — жергілікті бизнес өкілдері: «Таба нан» (Асхат Бирманов), «Кофе Бум» (Мира Тилесова), «SAFI» кафесі (Қайырбек Қанатбек), «7102» кофеханасы (Керімов Әнуар), сондай-ақ «Матадор» кафесінің бас аспазы Әуез Нұрдәулет қатысты. Олардың қатысуы білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығын айқын көрсетті.Іс-шараға сондай-ақ Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері — директордың орынбасары Маржан Жауен және адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Жаухар Турсынова қатысты. Олар кәсіпкерлікті қолдау шаралары мен колледждерде білікті мамандар даярлау бағытындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері туралы баяндады.Колледж директоры Марал Тлеужанованың айтуынша, кездесудің басты мақсаты — колледж, әлеуметтік серіктестер және «Атамекен» палатасы арасындағы үшжақты ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ студенттердің әлеуетті жұмыс берушілермен танысуына және кәсіби байланыстар орнатуына жағдай жасау.Айта кету керек, колледж студенттерінің бірқатары бүгінде жергілікті кафе мен мейрамханаларда табысты еңбек етіп, өздерін жауапты әрі болашағы зор мамандар ретінде танытып жүр. Өз кезегінде жұмыс берушілер өндірістік тәжірибеден өтуге арналған алаңдар ұсынуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл өз кезегінде саладағы кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді.Аталған кездесу жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және кадр даярлауда бизнестің қатысуының үздік тәжірибелерін насихаттау жолындағы маңызды қадам болды.









