ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІ: ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚҚА БАҒЫТ
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі салааралық кеңесінің мүшелері қаржылық сауаттылық бойынша ұйымдастырылған шеберлік сабағына қатысты. Аталған шара өңірдегі әйел кәсіпкерлердің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және бизнесті тиімді жүргізу деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
Шеберлік сабағының спикері әрі менторы — Орынкүл Садуакасова. Оқыту барысында қатысушылар жеке және бизнес қаржыларын тиімді басқаруға қажетті практикалық білім мен дағдыларды меңгерді.Іс-шарада қаржылық сауаттылықтың негізгі аспектілеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар қаржылық менеджменттің мәні мен оның кәсіпкерлікті дамытудағы маңызын түсінді. Сонымен қатар, қаражатты тиімді бөлу, шығындарды жоспарлау және сатып алу кезінде саналы шешім қабылдау мәселелері қарастырылды.Бағдарламаның жеке бөлімі қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыруға арналды. Бұл — бизнес пен жеке өмірдегі қаржылық тұрақтылықтың маңызды элементтерінің бірі.Шеберлік сабағының қорытындысы бойынша қатысушылар алынған білімнің практикалық маңызын атап өтіп, алдағы уақытта да оқуға қызығушылық білдірді. Мұндай бастамалар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, қаржылық тәртіпті нығайтуға және өңірде тұрақты бизнес ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.




