КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ: ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА БИЗНЕСКЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ҚАРАЛДЫ
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтіп, өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуге Палата директоры Гүлмира Каженова, Өңірлік кеңес мүшелері, қаржы институттарының өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Жиынды Өңірлік кеңестің төрайымы Сауле Шауенова ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде кәсіпкерлік қауымдастығының өзекті мәселелерін тиімді шешу үшін бизнес, қаржы ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы тұрақты диалогтың маңызы зор екенін атап өтті.Отырыс барысында қаржы институттарының өкілдері кәсіпкерлерге ұсынылатын қолдау құралдары туралы баяндады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Ұлытау облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Арман Менжесаров кәсіпкерлерге қолжетімді несиелерді субсидиялау және кепілдендіру бағдарламалары туралы айтып өтті. Оның айтуынша, бұл тетіктер кәсіпкерлерге қаржыландыруды тиімді шарттармен алып, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, «Ұлытау» ӘКК» АҚ-ның несиелік бағдарламалар және лизинг департаментінің директоры Мұқағали Рамазан жобаларды лизинг тетіктері арқылы қаржыландыру мүмкіндіктерін таныстырды. Ол кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған өңірлік инвестициялық бастамалар, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар туралы да ақпарат берді.Кәсіпкерлерге көрсетілетін қаржылық емес қолдау шаралары жөнінде Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Маржан Жауен баяндады. Оның айтуынша, Палата тарапынан кәсіпкерлерге кеңес беру, оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру, жобаларды жүзеге асыру барысында сүйемелдеу және жаңа нарықтарға шығуға қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде.Жиын барысында инновациялық даму мәселелері де назардан тыс қалмады. «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ Сараптама орталығының директоры Ануар Тунгат инновациялық жобаларды қолдаудың мемлекеттік тетіктері туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, гранттық қаржыландыру мүмкіндіктері мен жаңа технологияларды енгізуге бағытталған бастамаларды сараптамалық сүйемелдеу мәселелері сөз болды.Кездесу қорытындысында қатысушылар кәсіпкерлерді кешенді қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, өңірде бизнестің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін жеткізді. Мұндай кездесулер бизнес, мемлекеттік құрылымдар мен даму институттары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.









