Салалық кеңес отырысында отандық өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасында сауда және ШОБ дамуы бойынша салалық кеңестің отырысы өтті. Кездесу барысында бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар сауда саласын реттеу мәселелерін талқылады.Отырысқа Палата директоры Гульмира Каженова, сауда желілерінің өкілдері, сондай-ақ Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері қатысты.Күн тәртібіндегі басты мәселе – жергілікті сауда нүктелерінде «Made in KZ» белгісі бар отандық өнімдердің 30 пайыз көлемінде орналастырылуын қамтамасыз ету. Қатысушылар қазақстандық өндірушілерді қолдау механизмдерін және олардың өңірдегі сауда желілеріндегі қатысуын арттыру жолдарын талқылады.Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің директоры Жасұлан Даулетбаев кәсіпкерлерге сауда саласындағы заң талаптарын түсіндіріп, отандық өнімдердің сауда объектілерінде тең дәрежеде қолжетімді болуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлді. Ол нормаларды сақтау қажеттігін және бизнес пен бақылаушы органдар арасындағы конструктивті өзара әрекеттестіктің маңыздылығын атап көрсетті.Ұлытау облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бойынша бөлім басшысы Диана Есенова авторлық құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы бірыңғай цифрлық платформаның жұмыс тәртібін түсіндірді. Қатысушыларға платформаның негізгі артықшылықтары мен жұмыс істеу ережелері таныстырылды.Сондай-ақ, отырыс барысында кәсіпкерлерге «Таза парақтан» бағдарламасының негізгі тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Бұл бағдарлама шағын және микробизнеске арналған. Бағдарламаға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған айыппұл санкциялары мен өсімпұлдар, негізгі қарыз 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық өтелген жағдайда, есептен шығарылады. Сонымен қатар, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне уақытылы қойылмағаны үшін салынған айыппұлдар да жойылады.Бағдарлама кәсіпкерлерді қолдауға, олардың бизнесін нығайтуға және жаңа салық реформаларына бейімделуін жеңілдетуге бағытталған.Отырыстың соңында Палата, Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті және бірнеше кәсіпкер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың саудадағы серіктестікті дамыту мен отандық өндірушілерді қолдау ниеттерін бекітті.







