shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

​Әйелдер кәсіпкерлігі — Ұлытау облысы экономикасының қозғаушы күші

​Әйелдер кәсіпкерлігі — Ұлытау облысы экономикасының қозғаушы күші

Ұлытау облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі саларалық кеңестің көшпелі отырысында 2025 жылдың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Бұл кездесу тек есеп беру алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа бастамаларды талқылап, өңірдегі әйелдер бизнесін дамытуға серпін беретін маңызды диалог алаңына айналды.Бүгінде әйелдер кәсіпкерлігі шағын және орта бизнестің маңызды сегментіне айналып отыр. Ол жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың табысын арттыруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді. Кеңес мүшелерінің айтуынша, әйелдерді кәсіпкерлікке тарту — экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызы бар міндет. Бұл бағыттағы қолдау әйелдердің өз әлеуетін жүзеге асыруына, жаңа бастамаларды қолға алуына және қоғамдағы экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігі жөніндегі саларалық кеңестің төрайымы Гульнара Загирова кеңестің рөлі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.— Кеңес кәсіпкер әйелдерді біріктіретін және олардың дауысы естілетін тиімді алаңға айналды. Біз кәсіпкерлердің ұсыныстары мен мәселелерін Кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік органдарға жеткізіп, нақты қолдау тетіктерінің іске асуына ықпал етеміз. Алдағы уақытта да әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып, олардың кәсіби және іскерлік дамуына қолайлы жағдай жасауды басты міндетіміз деп санаймыз, — деді ол.Өткен жылы жүзеге асырылған маңызды жобалардың бірі — «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясындағы оқыту курстары болды. Бұл жоба Ұлытау облысының әкімдігімен, сондай-ақ Сәтбаев, Қаражал және Жәйрем әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында қатысушылар SMM-менеджмент, кондитерлік іс, визаж, массаж ісі және менторлық бағыттары бойынша білім алды.Аталған оқыту бағдарламасы Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал және Жәйрем қалаларындағы ондаған әйелді қамтыды. Нәтижесінде көптеген қатысушы жаңа кәсіп бастауға немесе өз бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың дамуына оң әсерін тигізді.Кәсіпкер әйелдердің пікірінше, мұндай білім беру және қолдау шаралары тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және бизнес жүргізудің заманауи тәсілдерін меңгеруге жол ашады. Сонымен қатар, бұл әйелдер кәсіпкерлігінің мәртебесін арттырып, олардың өңір экономикасындағы рөлін күшейтеді.Отырыс барысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер де белгіленді. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жалғастыру, тәлімгерлік институтын дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шараларын кеңейту және оларды өңірдің іскерлік ортасына белсенді тарту мәселелеріне ерекше назар аударылатын болды.Сарапшылардың пікірінше, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту — өңірдің экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды факторларының бірі. Бұл бағыттағы жүйелі қолдау кәсіпкерлік белсенділікті арттырып қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға да ықпал етеді.Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да әйелдер кәсіпкерлігін қолдауды жалғастырып, оны өңірдің тұрақты дамуы мен экономикалық өсімінің маңызды бағыты ретінде қарастырады. Бұл жұмыстар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өңірдегі кәсіпкер әйелдердің табысты бастамаларын жүзеге асыруға берік негіз қалайды.

09:07