«„Nur bala“ орталығына арналған қайырымдылық акциясы»
Жаңа жыл қарсаңында Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының Әйелдер кәсіпкерлігінің саларалық кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихат депутаты, «Safi» кофеханасының негізін қалаушы Роза Рымбаева депутаттық корпуспен бірлесіп «Нұр бала» түзету-дамыту орталығының тәрбиеленушілеріне арналған жаңа жылдық қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шара ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталып, шынайы жаңа жылдық, жылы атмосферада өтті. Балалар мен олардың ата-аналарын келе жатқан Жаңа жылмен қалалық мәслихат төрайымы Раушан Қаппарова құттықтады. Ол бүлдіршіндерге зор денсаулық, бақыт, амандық және жаңа жылда толағай табыс тіледі.
Акция аясында «Нұр бала» орталығының әрбір тәрбиеленушісіне қонақтар тарапынан жаңа жылдық сыйлықтар табысталып, орталық атынан құрмет грамоталары берілді. Бұл күні барлығы 40 балаға ерекше көңіл бөлінді.
«Нұр бала» түзету-дамыту орталығының негізін қалаушы Жадыра Жұмағметова ұйымдастырушыларға көрсетілген қолдау мен ықылас үшін алғысын білдірді.
— Орталықта аутистік спектр бұзылыстары бар, сөйлеу тілі мен психоэмоциялық дамуы кешеуілдеген балалар білім алып, кешенді коррекциялық көмек алады. Мұнда гидромассаж, дефектолог, АФК, сенсорлық интеграция, АВА-терапия және психолог кабинеттері жұмыс істейді. Өзім де ерекше баланың анасымын, дәл осы жағдай орталық ашуыма басты түрткі болды, — деп атап өтті орталықтың негізін қалаушы.
Өз кезегінде Роза Жиханкерқызы бұл қайырымдылық акциясы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.
— Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының Әйелдер кәсіпкерлігінің саларалық кеңесінің мүшесі әрі депутат ретінде мен қайырымдылық бастамаларды үнемі қолдап келемін. Жас ерекшелігіне де, денсаулық жағдайына да қарамастан, барлық балалардың бақытты әрі дені сау болғанын қалаймын, — деді Роза Рымбаева.
Мұндай қайырымдылық шаралары балаларға қуаныш пен мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдаудың, мейірім мен әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын тағы бір мәрте айқындай түседі.
















