Әлеуметтік кәсіпкерлік: тәжірибе, диалог, даму
Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік кәсіпкерлік жөніндегі салалық кеңесінің көшпелі отырысы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналды.
Отырыстың басты тақырыбы – мемлекет пен әлеуметтік кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және қолдау шараларының тиімділігін арттыру болды.
Мемлекеттік қолдау тетіктері, оның ішінде гранттар беру, салықтық жеңілдіктер мен жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған оқыту бағдарламалары туралы айтылған баяндамалар ерекше қызығушылық тудырды.
Сондай-ақ, әлеуметтік бағыттағы тауарлар мен қызметтер нарығын кеңейту, инвестиция тарту және әлеуметтік бизнесті ынталандыруға бағытталған заңнамалық базаны жетілдіру перспективалары қарастырылды. Жастарды әлеуметтік кәсіпкерлікке тарту және жаңа жобалардың пайда болуына жағдай жасау қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Отырыс жұмысына "Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығы және сервис қызметтері" заңды тұлғар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігінің президенті Ермек Әбілдин, қауымдастықтың вице-президенті Индира Жабаева, сондай-ақ Ұлытау облысы спорт басқармасы басшысының орынбасары Елдос Абдраев қатысты.
— Бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлік – жай ғана бизнес емес, бұл – миссия. Мұндай жобалардың адамдардың өмірін шын мәнінде өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл бағытты әрі қарай дамыту өте маңызды. Ол үшін тек өз ресурстарымызды ғана емес, халықаралық тәжірибені де пайдалану қажет, — деді өз сөзінде Индира Жабаева.
Отырыста кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды. ЖШС «Журинов» атынан қатысқан Сайлаубек Жирнов «Даму» қоры арқылы спорттық платформа ашу мүмкіндігін сұрап, бағдарламаның нақты іске қосылу мерзімі туралы ақпарат беруді жергілікті атқарушы органдар тарапынан қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Спорт саласында жұмыс істейтін мекемелерге қойылатын талаптардың тым қатаң екендігі айтылып, жаңа платформаның мүмкіндіктерін ескере отырып, бұл талаптарды қайта қарау қажет екені айтылды.
— Ваучерлік жүйе балалар үшін қолайсыз: егер бала секциядан шықса, жаңа ваучерді 4 күн ішінде ашу қажет. Бұл басқа балалардың мекемеге қабылдануына мүмкіндік береді. Балаларға спорт пен өнерді қатар алып жүруге мүмкіндік беру керек. Жаңа платформа белгілі бір шектеулер қояды, сондықтан оның талаптарын ата-аналар мен кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып қайта қарау қажет, — деді «Sport Tарландары» ЖШС директоры Береке Өтіншин.
Жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлер спорт пен туризм саласындағы мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруды сұрады.
Талқылау барысында әлеуметтік кәсіпкерлер үшін жалдау ақысының жоғары екені айтылды. Қазіргі таңда оның мөлшері 500 000 теңгені құрайды. Осы бағытта жеңілдіктер ұсыну тетіктерін қарастыру қажеттілігі көтерілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы уақытта бірлескен бағдарламалар мен форумдарды өткізуге және ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Әлеуметтік кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға арналған ұсыныстарды дайындаумен айналысатын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
Көшпелі отырыс әлеуметтік бизнестің мықты әрі тұрақты қауымдастығын қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам болды. Бұл қауымдастық қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуге қабілетті екені атап өтілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау жалғасатыны және көтерілген мәселелер жүйелі бақылауда болатыны ерекше атап көрсетілді.





