АҚСАҚАЛДАРДЫҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ
Бейсенбіде қаладағы «Достық» Үйінде қала әкімі жанындағы Ақсақалдар алқасының жиыны болып өтті. 2008 жылдан бері жұмыс істейтін ұйым қаланың қоғамдық -саяси, мәдени өміріне белсенділікпен атсалысып келеді. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Абылайұлы Ыдырысов алқа мүшелеріне атқарылған істер үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта жұмысты ширата түсу қажеттігіне тоқталды. — Біз сіздердің ақыл -кеңестеріңізді басшылыққа аламыз, сыни пікірлеріңізді қаперімізде ұстаймыз — деген қала басшысы өмірден көргені, көңілге түйгені көп ақсақалдардың жастар тәрбиесінде, қоғамдағы бірлік, ынтымақты нығайтуда және т.б. салаларда көп нәрсе тындыра алатынына сенім білдірді. Жиын барысында алдағы уақытта қалада орнатылатын ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мүсіні және оның тасқа қашалып жазылатын нақыл сөздері туралы ой — пікірлер қозғалды. Жиында Ақсақалдар алқасының жаңа құрамы бекітіліп, жаңа төраға болып еңбек ардагері Өтеш Ахметов тағайындалды.