Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау мәселелері
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Сауда және шағын, орта бизнесті дамыту жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Іс-шара зияткерлік меншік, авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған тиімді диалог алаңына айналды.
Кеңес жұмысына авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі «Аманат» коммерциялық емес ұйымының директорының орынбасары Азамат Тлеужанов, сондай-ақ Ұлытау облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімі басшысы Диана Есенова қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе авторлардың мүліктік құқықтарын ұжымдық басқару мәселесін талқылау болды. Қатысушылар сыйақыны бөлу тетігін, авторлық құқықтарды басқаратын ұйымдардың ашықтығы мен есептілігі мәселелерін, сондай-ақ қолданыстағы заңнама аясындағы зияткерлік меншікті қорғаудың құқықтық аспектілерін қарастырды.
Отырыс аясында өткен «Географиялық көрсеткіштерді тіркеу» тақырыбындағы семинар ерекше қызығушылық тудырды. Спикерлер географиялық көрсеткіштердің өңірлік брендті дамытудағы, жергілікті өндірушілер өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы және бірегей тауарларды ұлттық әрі халықаралық деңгейде қорғаудағы маңыздылығын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіпкерлердің зияткерлік меншік мәселелеріндегі құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, өңірде сауда мен шағын бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.