shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

Жаңа Жолдау – республиканы дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер

Жаңа Жолдау – республиканы дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова: 

—Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа Жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер мен оларды шешу жолдары» – қазіргі жаһандық сын-қатерлерді терең түсінудің айқын көрінісі. Бұл құжат оларды еңсеруге бағытталған нақты әрі стратегиялық тұрғыдан салмақталған қадамдарды ұсынады. Бүгінде Қазақстан жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен «жасыл» экономика дәуіріне аяқ басты.

Жолдауда инвестицияларды дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл – әлеуметтік-экономикалық өсімнің басты қозғаушы күшіне айналған кәсіпкерлік үшін, әсіресе біздің өңіріміз үшін аса өзекті тақырып. Президент әкімшілік кедергілерді азайту, реттеуші тетіктерді жеңілдету және шынайы инвестициялық тартымдылықты қалыптастыру қажеттігін нақты атап өтті. Осы тұрғыда, кәсіпкерлер палатасы ретінде біз Цифрлық кодексті жедел қабылдауды маңызды қадам деп санаймыз. Бұл құжат жаңа жағдайда бизнестің мүдделерін қорғауға және цифрлық өсімді қамтамасыз етуге негіз болары анық.

Жолдауда атап өтілген экономиканы, инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, су ресурстарын тиімді басқару, сондай-ақ инвестициялық жобаларды дамыту мен қолдау міндеттері Ұлытау өңірі үшін ерекше маңызды. Бұл бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.

Сондай-ақ Жолдауда жаңартылатын энергия көздерін, оның ішінде бейбіт атом энергетикасы мен экологиялық таза көмір генерациясын дамыту мәселелері кеңінен қамтылды. Бұл бағыт – тек тұрақты энергиямен қамтудың кепілі ғана емес, сонымен қатар шағын және орта бизнесті осы салаға тарту арқылы жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастырудың тиімді жолы.

Көлік инфрақұрылымын жаңғырту да – аса маңызды тақырыптардың бірі. Автомобиль және теміржол желілерін жаңарту бойынша қолға алынған шаралар логистика мен сауданы, өңірлік кәсіпкерлікті жандандыруға тың серпін бермек. Бұл, әсіресе, стратегиялық маңызы зор Ұлытау өңірі үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Ұлытау облысының кәсіпкерлер палатасы Жолдауда айтылған тапсырмаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуға дайын. Мемлекет пен бизнестің арасында тығыз байланыс орнатып, жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру және инвестициялық бастамаларды қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілетін болады.

Президент Жолдауы – тек іс-қимыл бағдарламасы ғана емес, сонымен қатар еліміздің жаңа мүмкіндіктерге дайын екендігін білдіретін айқын саяси сигнал. Біз бірлескен әрекет пен нақты қадамдар арқылы бұл міндеттерді сәтті орындап, жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстанның дамуына лайықты үлес қоса аламыз деп сенеміз.

20:29