Ұлытау облысында «Бір ауыл – бір өнім» байқауының бренд-комитет отырысы өтті
Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір өнім» байқауы аясында бренд-комитет отырысы өтті. Іс-шараға Жаңаарқа, Ұлытау ауданынан, сондай-ақ, Қаражал, Сәтбаев және Жезқазған қалаларынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Қатысушылар ет және сүт өнімдерін, әртүрлі үй жағдайында дайындалған шұжық түрлерін, қымыз, құрт, ірімшік, табиғи жүн мен киізден жасалған бірегей бұйымдарды, былғарыдан қолөнер туындыларын, қой жүнінен жасалған суреттер мен көне тәсілмен дайындалған қамшыларды таныстырды. Көрменің ерекшелігі – Жаңаарқа ауданының өндірушісі ұсынған қымыздан жасалған балмұздақ болды.
Бренд-комитет мүшелері ұсынылған өнімдерді бірнеше өлшем бойынша бағалады: табиғи құрам, қаптаманың герметикалығы, брендтелу деңгейі мен дизайнының тартымдылығы, сондай-ақ санитарлық талаптарға сәйкестігі. Бұл үздік өнім өндірушілерді анықтауға мүмкіндік берді.
Отырыс қорытындысы бойынша финалистер анықталып, оларға жеңімпаз сертификаттары табысталды. Қалған қатысушылар белсенділігі мен өңірлердегі ауылдарды дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттармен марапатталды.
Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың аграрлық сектордың дамуына оң әсер ететінін және кәсіпкерлердің өз ісін дамытуына мүмкіндік беретінін атап өтті.«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің басты артықшылығы – табиғи құрам, бояғыштар мен консерванттардың болмауы, әрі халыққа пайдасы зор болуы», – деді ол.
Бренд-комитет отырысының қорытындысы бойынша келесі қатысушылар финалист атанды:
Даркенова Мадина Серікқызы – (ет өңдеу), Сәтбаев қаласы;
Қасымов Айтбай Тлеубекұлы – (қымыз және қымыздан жасалған балмұздақ), Жаңаарқа ауданы;
Қалдыбаев Ертай Ібішұлы – (былғары өңдеу, қамшы жасау), Жаңаарқа ауданы.
Жоба финалистері Ұлытау облысының атынан Қазақстан астанасы – Астанада өз өнімдерін таныстыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл олардың өнімдерін кең нарыққа шығаруға тамаша алаң болмақ. Сонымен қатар, 5 миллион теңге көлеміндегі грантқа үміткер атанады.
Бұл бастама тек бизнестің дамуына жол ашып қана қоймай, сонымен қатар дәстүр мен табиғилыққа негізделген жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің беделін арттыруға ықпал етеді.