shamshyraq.kz

Аймақтық тарихи-мәдени сайт

Региональный историко-культурный сайт

Үздіктер марапатталды

Үздіктер марапатталды

Әйгілі жазушы Марк Твен: «Дүниеге жарық беріп, сәуле шашып тұратын екі-ақ күш бар: бірі – аспандағы Күн, екіншісі – жердегі журналист» деген екен. Төңірегіңдегіні көру үшін Күннен түскен жарық керек болса, өмірді, қоғамды танып-білу үшін журналист қаламынан туған ақпараттар, мақалалар, очерктер қажет. Міне, сондай айшықты дүниелерімен елді сусындатып, ақпарат саласының дамуына өзіндік үлестерін қосып, аймақ шежіресін жасауда талмай тер төгіп жүрген журналистер қауымын Сәтбаев қаласының әкімі де құттықтап, үздіктерді мараптаттап, сый-сияпат көрсетті.

Бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлері күніне арналған салтанат қала әкімдігінің үлкен залында өтті. Індеп кірген індеттің алдын алуға бағытталған шектеу шаралары айшықты мерекені ойдағыдай атап өтуге мүмкіндік бермегені де рас. Десек те, алқалы жиынға Ұлытау-Жезқазған өңірінің «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтыларын жинап, мүмкіндігінше мерейлерін көтеріп бақты.
Салтанатты жиынды ашқан қала әкімінің орынбасары Дәуір Жүнісбеков қалам ұстаған қауымға қала басшысы Асқар Ыдырысовтың ыстық ықыласын жеткізді.– Қай салада болмасын жедел әрі үздіксіз хабар алып, ақпараттарды уақытылы жеткізу маңызды міндеттердің бірі екені белгілі. Бұл ретте қаламгерлер қауымы Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді шешуге қомақты үлес қосып келеді. Әсіресе, қоғамдық пікірді қалыптастырушы рөлін атқарып келе жатқан баспасөз қызметкерлеріне артылған жүк ауыр. Себебі, жаһандық жаңғыру кезеңінде халықтық атмосфераның барометрі болу, адамзат баласын ортақ мүддеге жұмылдыру журналистердің еншісінде. Бүгінгі мерекеде «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қызметін атқару жолындағы журналистердің еңбегін ерекше атап өткенді жөн деп есептеймін, – деді Дәуір Қойшығараұлы сөйлеген сөзінде.Бұнан соң қала әкімінің орынбасары аталған салада талай жылдардан бері қызмет етіп, қоғамдағы күрмеулі мәселелерді қозғап жүрген журналистер «Ұлытау және ұлт» журналының директоры Батырбек Мырзабековті, он алты жыл жергілікті «Шарайна» газетін басқарған ақпарат саласының ардагері Майра Жаппасбаеваны, қаламы қарымды журналист Мәди Әлжаппаровты, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Ұлытау-Жезқазған аймағы бойынша меншікті тілшісі Әлібек Әбдірашты, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің аймағымыз бойынша меншікті тілшісі Юлия Пулинаны Сәтбаев қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.Салтанатты шарада сондай-ақ, «Шарайна» газетінің дизайнері Ольга Макаренкова, «Ақшам» телеарнасының монтаждаушысы Виталий Обрежа, әкім аппаратының әдіскері Назерке Сапарбек ақпарат саласын жетілдірудегі еселі еңбектері үшін Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасымен марапатталды.Журналистер қауымына көрсетілер құрмет бір мұнымен түгесілген жоқ. Еліміздің ақпарат саласының дамуына, оның ішінде аймағымызда ақпарат алаңын қалыптастыруда сүбелі үлесін қосып келе жатқан ұжымдар да қала әкімінің ақшалай сыйақысына ие болды. Атап айтқанда, биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өткен қалалық «Шарайна» газеті мен қалалық «Ақшам» телеарнасының ұжымдарына және «Вечерний Сатпаев» жекеменшік газетінің ұжымына ақшалай сыйақы мен Диплом табысталды.Алқалы жиында ақпарат саласының ардагері, «Шарайна» газетінің экс редакторы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Майра Жаппасбаева сөз алып, әріптестерді төл мерекелерімен құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.Суреттерді түсірген І.Букишева.

03:22